Киіз үйдің құрылымы: үш әлем

Алтынай Тәнирбергенова

Киіз үй аспан мен жердің байланысын бейнелеп, оның бөлінісі әлеуметтік иерархияны көрсетеді. Шаңырақ – отбасының символы, есік – әлемдер арасындағы шекара, ал ою-өрнектер – қорғаушы тұмарлар. Бұл жай ғана баспана емес, қазақ мәдениеті мен дәстүрінің көрінісі.
Киіз үйдің құрылымы: үш әлем

Киіз үй үш деңгейге бөлінеді, олардың әрқайсысы өмір сүрудің әртүрлі деңгейлерін бейнелейді:

Жоғарғы әлем – періштелер мекені.

Ортаңғы әлем – адамдар өмір сүретін жер.

Төменгі әлем – жындар мен тылсым күштердің аймағы.

Бұл тік құрылым аспан мен жердің байланысын, сондай-ақ өмірдегі үйлесімділіктің маңыздылығын көрсетеді.

Көлденеңінен киіз үй әлемнің төрт бұрышына сәйкес бөлініп, қазақ қоғамының әлеуметтік сатысын да бейнелейді. Ең құрметті орын есіктен ең алыс орналасқан, жоғарғы жақтағы - төр, оған ең сыйлы қонақтар жайғасады. Бұл жерге ең әдемі кілемдер төселіп, ең құнды заттар қойылады. Бұл дәстүр қазақ халқының үлкенге көрсетілетін құрметті айқын аңғартады.

Киіз үй бөлшектерінің нышаны

Әрбір бөлшектің өзіндік мәні бар:

Шаңырақ – отбасы мен әулеттің нышаны. Ол атадан балаға мұра ретінде беріледі және оған деген құрмет отбасы құндылықтарының сақталуын білдіреді. Қазақта «Шаңырағың биік болсын!» деген тілек отбасының берекелі болуын тілейтін ізгі ниет.

Киіз үйдің есігі – ішкі және сыртқы әлемді бөлетін шекара. Ол отбасының тыныштығы мен қорғанысын білдіреді. Дәстүр бойынша есікті – келіннің төркіні жасап әкеледі, ал оның маңдайшасы мен табалдырығын жасау – күйеу жігіттің отбасының парызы болады. Бұл жоралғы отбасын құруда және де отбасының ынтымағына жауапкершіліктің маңыздылығын айқындаған

Ою-өрнектердің мәні

Ою-өрнектер мен олардың мәні Киіз үйдің ою-өрнекпен безендірілуі тек қана сәндік үшін ғана емес, сонымен қатар тіл-көзден сақтайтын тұмар ретінде де пайдаланылған. Жан-жануарлар мен өсімдіктердің бейнелеріндегі ою-өрнектер байлық пен берекені білдіреді. Мысалға, «қошқар мүйіз» оюы кеңінен таралған оюлардың бірі болып саналады, әрі ол мықтылық пен көріктеудің сипатын білдіреді. Қолөнершілер тұрмыстық бұйымдарды жасау барысында өмірдің мәні болып табылатын су мен өсімдіктер әлемін бейнелейтін өрнектерді табиғаттан алған. Бұл ою-өрнектер киіз үйге сән беріп қана қоймай қоршаған орта мен табиғатты аялауды еске салып отырады.

Қорытынды

Киіз үй – тек баспана ғана емес, ол тұтас бір әлем. Оның әрбір бөлшегі қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін бейнелейді. Киіз үй тек материалдық тұрғыда ғана емес, рухани тұрғыда да маңызды орынға ие. Қазақтың «Босағаң берік болсын!» деген тілек-лебіздері осы киелі ұғымдардың өмірдегі маңыздылығын тағы бір рет көрсетіп қана қоймай, келер ұрпаққа мәдени мұра болып қала бермек.

3/18/2025